Бір айдан астам уақытқа созылған ветеринарлық бағыттағы қызметкерлерді оқытуға арналған «II-IV патогендік топтағы аса қауіпті инфекциялардың қоздырғыштарымен жұмыс істеу әдістері мен тәсілдері» атты оқыту семинары өз мәресіне жетті. «Парасат» Республикалық оқу орталығы және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Агро-Даму» басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген оқыту семинары ағымдағы жылдың 11-шілдесінен 17-тамызына дейін жалғасты. Оқу барысында, екі топқа бөлінген қатысушыларға (қазақ, орыс) ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Г.К. Джанабекова, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Г.Д. Ильгекбаева, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор У.Ж. Омарбекова, ветеринария ғылымдарының кандидаты Б.К Отарбаев және PhD Мусоев А.М., сонымен қатар т.б. университет ғалымдары лекция және практикалық, лабораториялық семинарлар өткізді. Қатысушыларды биологиялық қауіпсіздік негіздерімен және практикалық дағдылармен таныстыру мақсатында, дәріс берушілер, семинар күндерінде арнайы жасалған бағдарламаға байланысты әр түрлі қажетті мәлімет беріп, әрбір күнді қызықты әрі жоғары деңгейде аяқтады. Дәрістер аграрлық университеттің техникалық жабдықталған аудиторияларында, тәжірибелік және зертханалық оқыту семинарлары, барлық қажетті заттармен қамтамасыз етілген мамандандырылған кабинеттерде жүргізілді.
Семинардың әр күнінде сала бойынша түрлі тақырыптар қамтылды. Соның бірі, бүкіл әлемді шарпыған COVID-19 дертіне қарсы вакцина жасауға қатысқан аграрлық университет ғалымы Табынов Қайсар Қазыбайұлының өткізген «COVID-19 ға қарсы ветеринарлық вакцина» атты дәрісі. Ол адамдарға, жануарларға және құстарға арналған вакциналардың әр түрлі буындарын әзірлеуге, зерттеуге және өндіріске енгізуге маманданған ғалымдардың бірі ретінде, өзі ойлап тапқан бірнеше медициналық вакцина жөнінде мәліметтермен бөлісті.
Оқыту семинарының кезекті күнінің бірінде қатысушылар білім алу және тәжірибелік жұмыстар жүргізу үшін, Аграрлық зерттеу университетінің Қазақ-жапон инновациялық орталығына да барды. Орталықтың «Жасыл биотехнология және клеткалық инженерия» лабораториялық базасының жұмыстарымен түгелдей дерлік таныстырып шыққан лаборатория маманы Ш. Өрқара, жануарлардың жұқпалы ауруларын диагностикалау үшін ПТР тестін жасау жолдарымен таныстырса, ИФА тестін жасауды келесі лаборатория маманы У.С. Тастаганова көрсетті.
Тамыз айының 16-жұлдызында, оқыту семинарына қатысушы ветеринария саласы қызметкерлерінің бір ай уақыт аралығында алған білім деңгейлерінің нәтижелерін көру үшін, дәріс берушілер тарапынан дайындалған сұрақтардан құралған емтихан жұмысы өтті.
Соңғы күні, университетіміздің ветеринарлық факультетінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті «Республикалық ветеринарлық зертхана» ветеринарлық мамандарының біліктілігін арттыру курсы бойынша, семинарға қатысушы қызметкерлерге куәлік табыстау рәсімі өтті. Аталған шараға Парасат Республикалық оқу орталығы директорының орынбасары А.А. Манухина, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу унивсерситетінің ветеринария факультетінің деканы Г.К. Джанабекова қатысып, қатысушылардың алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, барша куәлік иелерін құттықтады. Куәлікпен қоса, курстың ерекшеліктеріне сәйкес әзірленген, биоқауіпсіздіктің теориялық және практикалық аспектілерін қамтитын университет баспаханасынан шығарылған әдістемелік нұсқаулықтар да қоса таратылды.
Сондай-ақ, өткізілген шара барысында, қызметкерлерді оқыту негізінде жасалған шарт нәтижесінде, Парасат Республикалық оқу орталығы, Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры атына жазылған алғыс хатын табыс етті.
Қатысушылар, сөз соңында, оқытушылар құрамының жоғары біліктілігін, «Агро-Даму» басқармасы мамандарының оқу процесін ұйымдастырудағы анық және кәсіби жұмысын, сондай-ақ алған білімдерінің сапасы мен білім деңгейін көтерудегі керемет мүмкіндіктерін ерекше атап, оқыту семинарын өткізуге атсалысқандарға алғыстарын айтып, өз ризашылықтарын білдірді.
- by Agrodamu
- вкл 19.08.2022